Қазақстан үшін Түрікменстан стратегиялық серіктес және бауырлас мемлекет. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовпен кездесуде атап өтті. Түрікменстан Президенті Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Ақордада жоғары мәртебелі мейманды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Өзара ықпалдастық сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салаларды қамтиды. Соңғы 5 жылда арадағы сауда көлемі 4 есе артқан. Ал, Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 млн доллардан асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Президентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ, қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік.
Ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы. Қазақстан
бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруға ниетті. Сонымен қатар,
отандық өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға
мүдделік танытып отыр. Сондай-ақ, тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын
жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға
уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта көлік-транзит саласы
стратегиялық басымдыққа ие екенін атап өтті. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік
көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол
бағдары ерекше рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық,
Мемлекеттер басшылары цифрландырудың маңызына да жіті
тоқталып өтті. Қазақстан мемлекеттік қызметтер және IT-технологияларды енгізу
саласында бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынды. Сердар Бердімұхамедов
Түрікменстан мен Қазақстан - Орталық Азиядағы стратегиялық серіктестер екенін
мәлімдеді.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:
- Өзара сауда-саттық аясын кеңейту және әртараптандыру, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық саясатты жандандыру мәселелері қарастырылды. Бұл ретте екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедовтың келіссөздерінің қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне және 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Олар құқықтық және көлік, сондай-ақ АӨК, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және БАҚ салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін жоғары
мемлекеттік награда «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев
Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік және тұрақтылық орталығы ретіндегі
мәртебесін атап өтті. Сондай-ақ, Сердар Бердімұхамедовтың елдер арасындағы
достықты, өзара түсіністікті және стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан
жеке үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

