Мемлекет басшысы ҚХР Сыртқы істер министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ үкіметаралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында мемлекет басшысы Қытай дипломатиясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның айтуынша, Қытайдың бастамалары жаһандық күн тәртібіне ықпал етеді және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады. Қасым-Жомарт ТоқаевҚытайды тауар өндіру және экспорттау, технологиялық инновация, экономикалық өсім, халықаралық инвестиция сияқты көптеген салада көшбасшы ел ретінде атап өтті. Президент БҰҰ, ШЫҰ, Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы қазақ-қытай қатынастарына жоғары баға берді. Өз кезегінде, Ван И қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, аспан асты елі Төрағасы Си Цзиньпиннің ізгі тілегін жеткізді. Президент Си Цзиньпинге сәлемін жолдап, оның Астанаға жасайтын алдағы мемлекеттік сапарына үлкен үміт артатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақзстан Республикасының Президенті: 

– Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Шын мәнінде, екі ел арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың болашағы зор.