Сенаторлар мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Бұл норма палатаның жалпы отырысында қаралған «ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңда жазылған. Сондай-ақ «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және «ҚХА туралы» заңдарға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Онда Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде және ҚХА-да өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделеді. Жоғарғы палата мәжілісмендердің бұрын айтылған барлық өзгерісін мақұлдады. Бірақ өз түзетулерін ұсына отырып, заң жобасын төменгі палатаға қайта қарауға жіберіп отыр.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сенаторлар заңнамаға енгізіліп отырған мемлекетіміздің Қауіпсіздік Кеңесін, ҚХА-ны Мемлекет басшысы өзінің қызметіне сәйкес басқаруы тиіс деген өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізіліп отыр. Ол – «ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамалар Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алынып тасталды. Сондықтан да Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспен Мәжіліске қайтарып отыр.