Францияның шағын және орта бизнесі Қазақстан нарығына шығады

Қазақстанның инвестициялық әлеуеті Францияның ең ірі және маңызды аймақтарының бірінде таныстырылды. Бесінші республиканың шығысындағы сауда-өнеркәсіп палатасында біздің елімізде жұмыс істеуге мүдделі бизнесмендер мен қазақстандық нарықта табысты қызмет етіп, оның аясын одан әрі кеңейтуді жоспарлап жүрген компаниялардың өкілдері жиналды.

Жильбер Стампфлен, Үлкен Шығыс аймағы сауда-өнеркәсіп палатасының президенті:
- Біздің кәсіпкерлеріміз Қазақстан туралы жақсы біледі. Кездесуде көптеген іскер осы елдегі оң тәжірибелері, орнатқан байланыстары туралы әңгімеледі. Қазақстанда жұмыс істеу жағдайлары қандай екенін білу үшін Франция іскерлеріне қосымша ақпарат жинаудың қажеті жоқ. Кепілдік пен қауіпсіздік – ең басты мәселе. Ал бізде бұл кепілдіктер бар.

Қазақстан шетелдік компаниялар үшін тек сауда алаңы ғана емес. Елімізде ірі француз корпорациялары өз өндірістерін іске қосуды мақсат етсе, шағын және орта бизнес үшін мұндай таныстырылым шаралары жаңа қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндігі болмақ. Біздің нарық арқылы Орталық Азияның басқа елдеріне, Қытай мен Ресей нарығына жол ашылады.

Кристин Бертран, Мерт и Мозель департаменті Medef бизнес қауымдастығының президенті:

- Көріп отырғандарыңыздай, біздің кәсіпорындар өкілдерінің қызығушылықтары жоғары. Әсіресе жас іскерлерді Қазақстан қызықтырады. Біздің Қазақстанға сапар ұйымдастырып, ондағы кәсіпорындарды аралап, байланыс орнатуға ерекше ықыласымыз бар.

Сонымен қатар Қазақстан мен Франция маман даярлау бағытында ынтымақтастық орнатпақ. Өйткені жаңа бизнес-жобаларды дамыту үшін кадр қажет. Ал Қазақстан экономикасына бағытталған француз инвестициялары озық технологиялар енгізуді талап етеді.