Қасым-Жомарт
Тоқаев «ҚазМұнайГаз» басшысына геологиялық барлау жүргізуге, ірі инвестициялық
жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ химиясын дамытуға қатысты жұмысты
жүйелі жалғастыруды тапсырды. Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауында болған
Асхат Хасенов ұлттық компанияның мұнай-газ секторында былтыр атқарған жұмысы
жөнінде есеп беріп, болашақтағы жоспарлары туралы айтты. Компаниялар тобы
бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі шамамен 24 млн тоннаны құрады. Бұл
2023 жылмен салыстырғанда 1,3%-ке жоғары. Мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру
үшін іске асырылып жатқан инновациялық әдістер кен орнындағы шикізат өндіру
көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды қарастырады. Сондай-ақ, жаңа
зауыттардың құрылысы мен өндірістердің іске қосылуы жүргізілуде. Битум
өндірісін ұлғайту бойынша жоба жүзеге асырылу сатысында, полиэтилен шығаратын
зауыт салынуда. Маңғыстау облысында қуаты 247 МВт болатын гибридті электр
станциясының құрылысы жүргізілуде.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнай Газ» ҰК» АҚ басқарма
төрағасы:
- Бұдан басқа барлау жұмыстары бойынша нақты тапсырмалардың орындалуын баяндадым. Біріншіден біз практикалық тұрғыдан бұрғылау жұмыстарын бастадық. Яғни, Маңғыстау облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облыстарындағы кен орындарында. Бұдан басқа газ-химия жобаларында істеліп жатқан жұмыстарымыз бойынша баяндадық.
Авторы:
Әсел Күшенғалиева

