Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алды. Президент екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және Сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ, БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ.

Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ, халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды. Ол АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанын атап өтті. Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

- Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін.

Келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?