Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіреді. Қасым-Жомарт
Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейт
басшыларына және Иордания Короліне осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен
тілектестігін білдіріп, хат жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстанның достас әрі
бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған
барлық әскери әрекетті батыл айыптады. Қазақстан халықаралық күрделі
проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді
ұдайы жақтайды, – делінген хатта. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан
бауырлас араб мемлекеттеріне қал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Қазақстан Президенті Қатар мемлекетінің Әмірімен телефон арқылы әңгімелесу
барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни
Қазақстанның ұдайы қолдауы үшін ризашылығын жеткізіп, екі жақты қарым-қатынасты
одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Ал БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен
Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің
барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді. Қазақстан
Президенті қарулы қақтығыс барысында Әмірліктердің азаматтық инфрақұрылымына
зақым келгеніне қынжылатынын айтып, еліміз қажет жағдайда қал-қадерінше
көмектесуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде БАӘ басшысы Қазақстанның
қолдауын жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн Королімен де телефон
арқылы сөйлесті. Қазақстан Президенті елдің халқына тілектес екенін айтып, азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен атқылауға
алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайды одан әрі
ушықтырмай, диалог және дипломатия жолымен бейбіт түрде шешуді құптайтынын
жеткізді. Хамад бен Иса Әл Халифа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, ынтымақтастықты
одан әрі жандандыруға ниетті екенін растады.

