Мәдени байланысты нығайту, қазақ тілі мен ұлттық салт-дәстүрді
насихаттау. Сеулдегі Хангук шет тілдері университетінде Азия қазақтарының
екінші құрылтайы өтті. Іс-шараны Қазақстанның республикадағы елшілігі,
«Отандастар қоры» мен «Qazaq Nomad Korea» қауымдастығы ұйымдастырды.
Құрылтайға Оңтүстік Корея, Малайзия, Жапония, Қытай және Моңғолияда тұратын
200-ге жуық этникалық қазақтар жиналды. Құрылтайдың бірінші күні қазақ
мәдениетін насихаттап, экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша
жалпы отырыстар өтті. Корей студенттері қазақ тілінде ораторлық өнер бойынша
мықтыларды анықтаған байқауға қатысты.
Шараға қатысушылар мен қонақтар қазақтың зергерлік өнер
бұйымдарымен танысты. Сондай-ақ, ұлттық
тағамдардан дәм татып, дәстүрлі халық әндерін тыңдады.
Құрылтайдың екінші күнінде жиналғандар Наурыз мейрамын
тойлады. Бағдарлама ауқымды болды. Ән мен жыр биге ұласып, дәстүрлі ойындар
ұйымдастырылды. Меймандар қазақтың ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары мен
тағамдардың көрмесін де тамашалады.