Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының
қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Президент төртінші билік
өкілдерінің қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл
атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттің маңызды
міндеттерінің бірі – баспасөз саласын дамыту, сондай-ақ, журналистердің
құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін де назардан тыс қалдырмады. Отандық
журналистиканың үлкен тарихы мен бірегей стилі бар. Қазақ журналистикасының
тағылымды тарихы, аға буын қалыптастырған ерекше қолтаңбасы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР
Президенті:
-Біз оның бай шежіресі мен ағартушылық дәстүрін барынша
сақтауымыз қажет. Бүгінгі ақпарат саласының өкілдері осы сабақтастықты лайықты
жалғастырып, өзіне жүктелген жауапты миссияны абыроймен атқарып келеді. Сіздер
қай кезде де халыққа шынайы әрі жедел хабар таратып, кәсіби біліктіліктің озық
үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Болашақта да елдік мәселелерді көтеріп, ұлттық
құндылықтарды насихаттауға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін. Баршаңызға
бақ-береке, толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!