Агроөнеркәсіптік кешендегі, жасыл және исламдық қаржыландырудағы перспективалы жобалар. Осы және өзге де мәселелер «Қазақстан – БАӘ» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысушылардың басты назарында болды. Іс-шара Қазақстан Президентінің қатысуымен өтті.
Өткен жылдың соңында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналым 600 млн долларды құрады. Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктермен орнаған қарқынды ынтымақтастықты жоғары бағалап, қос тарап арасындағы әріптестік орасан зор экономикалық әлеуетке және іскерлік мүддеге, сондай-ақ, өзара құрмет пен ортақ құндылықтарға негізделгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміз арасында орнаған қатынастар 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келеді. БАӘ – біздің негізгі аймақтық сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұл кездейсоқ емес. БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан әмірліктерге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек.
емлекет басшысы Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі салаларды да атап өтті. Әсіресе, президент еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікке үлкен үміт артып отырғанын айта кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БАӘ нарығына органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және жеткізуге дайын екенін де атап өтті, сондай-ақ, әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды. Президент республиканың көлік әлеуетіне де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия – болашағы зор әрі қарқынды дамып келе жатқан үлкен аймақ. Біз Орталық Азиядағы сауда-саттық пен байланыстарымызды нығайту үшін бірқатар трансшекаралық сауда-логистикалық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қатынастардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақтастығымызды толық қолдаймын.
Сонымен қатар еліміз Орталық Азиядағы аймақтық технологиялық хабқа айналуға ұмтылуда. Республикада экономика мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру белсенді жүргізілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлемдік деңгейдегі қуатты қаржы секторын құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанына да назар аударды. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 64 елден 1700 компания тіркелген. Президент екі ел арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді. Үкімет те бизнесті қолдауға дайын екенін айта кетті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы араб инвесторларын Астанада өтетін халықаралық форумға қатысуға шақырды. Шара осы жылдың маусым айына жоспарланған.