Шығыс Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары басталды. Бұл науқан 1 маусымға дейін жалғасады. Биыл өңірдегі егіс алқаптарын өңдеу үшін жергілікті бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде 1 млрд теңге тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталмақ.
Сонымен қатар түрлі минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын арзандату қамында шамамен 3 млрд теңге қарастырылған. Жалпы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі кезекті науқанда субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізді. Егер бұған дейін шаруалар тыңайтқыш сатып алғаннан кейін ғана шығындары өтелсе, енді аванстық төлем тікелей минералды тыңайтқыштарды өндірушіге беріледі. Бұл олардың құнының 60% құрайды.
Бұл ретте айта кетерлігі, биыл облыста өнімділігі жоғары майлы және жем-жөп дақылдары егілетін алқаптарды кеңейту жоспарлануда. Бұл өңдеу кәсіпорындарының толық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Дархан Әбілмажинов, Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:
– Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 645 мың га құрап, былтырмен салыстырғанда 7 мың га артты. Айта кетерлігі, биыл өңірде дәнді дақылдар алқаптарын қысқарту есебінен майлы және мал азығы дақылдарының егіс көлемін ұлғайту жоспарлануда.