Бірінші жартыжылдықта
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда 13,5 миллиард доллардан астамды
құрады. Оның 6 миллиардтан астамы отандық экспортқа тиесілі. Шэньчжэнь
қаласында өткен ауқымды бизнес-форумда республиканың Сауда және интеграция
министрі Серік Жұманғарин тауар айналымын арттыруға үлкен әлеует бар екенін
баса айтты. Сонымен қатар Вице-премьер Қазақстанға тартылатын инвестициялардың
негізгі үш бағытын айқындады. Біріншісі – логистика, ол қолданыстағы бағыттарды
дамытып, жаңа бағыттарды ашуды, инфрақұрылым жүргізіп, жүктеу-түсіру
орталықтарын ашуды көздейді. Осы бағыт ірі көлік операторлары үшін ерекше
қызығушылық тудырады. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде шекара маңында
сауда-экономикалық хабтар, логистикалық орталықтар желісі құрылуда, олар әрі
қарай кеңейту әлеуеті бар ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің негізі болмақ.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және
интеграция министрі:
- Қазақстанда инвестиция
салуға болатын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар желісі құрылды.
Бірақ басымдық көлік және сауда логистикасына беріліп отыр. Біз хаб желісін
құрдық, біріншіден, Шыңжаңмен шекарада «Қорғас» халықаралық шекаралық
ынтымақтастық орталығы бар екенін білесіздер, сіздерді соған шақырамыз.
«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА еркін экономикалық аймағы. Біз Қырғызстанмен
шекарада өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен, Өзбекстанмен шекарада өнеркәсіптік
ынтымақтастықтың халықаралық орталығын құрдық, енді Түрікменстан аумағында
сауда-логистикалық орталық құрғымыз келеді. Бізде Каспий теңізінің жағасында
және Құрық портында және Еуразияда Каспий хабы бар. Бірақ мұнымен шектелмейміз.
Бүгінде бұл – дүниежүзінің еліміз арқылы Қытайдан Еуропаға сауда жасауына
арналған ең қысқа жол .
Айта кету керек, бүгінгі таңда
Қазақстанның инвестициялық заңнамасы үздік әлемдік стандарттарға толығымен
сәйкес келеді. Ол капиталды қорғауға кепілдік береді. Еліміздің Сауда
және интеграция министрлігі инвестицияның тағы екі
перспективалы бағытын атап өтті. Бұл өнімді терең өңдеу
және ауыл шаруашылығын дамыту.