Массачусетс технологиялық университеті әлемдік энергетикадағы заманауи трендтермен бөлісті

Геотермалды энергия, көмірқышқылды ұстау технологиясы мен экологиялық таза жасыл және көк сутек шығару және өндіру мәселелері Астанада талқыланды. Техас энергетикалық жүйесінің жаңартылуы секілді озық технологияларды қолдану тәжірибесімен Массачусетс технологиялық университеті бөлісті. Назарбаев университетінің қабырғасында өткен шарада заманауи трендтер мен энергетикалық сектордағы әлемдік озық тәжірибе және Қазақстандағы энергетика саласының болашағына қатысты жоспарлар талқыланды.  MIT зерттеушілері салалық ведомство берген мәліметтерге сүйене отыра жол картасын жасады. Ол бойынша елімізде болашақта энергетика саласын дамыту жоспары жасалынады деп көзделген. 

Бакытжан Ильяс, ҚР Энергетика вице-министрі: 

— Біз, тұрақтандырушылар ретінде осы бағыттағы технологиялық саясатты дұрыс таңдауымыз керек. Сондықтан, осы бағытта біз бірқатар коллаборациялық жобалар, инновациялық идеяларды ойластырып, осындай шараларды тұрақты түрде өткізуге ден қоямыз. Инфрақұрылымды модернизациялауға жеке капиталды тарту да өте маңызды. Бұл бағытта да жұмыс атқаруымыз қажет. Сондықтан, бізге жақсы ой ұсынған әрбір жанмен әріптестік орнатуға дайынбыз.  

Айжан Балабатырова, ұйымдастырушы: 

— Осы жобалармен жұмыс барысында MIT-дің мен-мен деген профессорларын тарттық. Олар қуана келісті. Олармен бірлесе жасалған бағдарлама барысында энергетика саласында жасалып жатқан үздік әлемдік трендтер мен озық тәжірибелерді терең сараладық. Біз барлық тарапқа өз ұсынысымызды жасауға әзірміз. Жуырда өз тобымызбен Энергетика министрлігімен бірлесіп түрлі сценарийлерді дайындау жұмысын бастаймыз. 

Айта кетер жайт, екі күнге созылатын семинарға қазақстандық бизнес өкілдері де шақырылды. Шетелдік спикерлер кәсіпкерлер үшін арнайы көптеген елдердің тәжірибелері мен жобаларын таныстырды. Оның ішінде қуат көзін өндіруден қалай пайда табуға болады деген мәселе кеңінен талқыланды. Ал, бұл жобалардың іс жүзінде жұмыс істеуі үшін қалай инвестиция тарту керек және оны венчурлік қорлар арқылы қалай жасауға болады деген сұрақ та назардан тыс қалмады.