Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынып, тағы 37-і жаңғыртылады. Сондай-ақ 14 жарым мың шақырым ирригациялық каналдар тартылмақ. Бұл шаралар елде су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген. Үкіметте тасқынның алдын-алу жолдары қаралды. Қауырт кезеңде халықты топан судан қорғанудың тағы бір амалы ретінде елімізде тасқындарды болжаудың жүйесі ендірілмек. Бүгінде оның бірыңғай әдіснамасы бекітілді. Ақпараттық жүйені осы жыл соңында тестілік режимде іске қосу жоспарланып отыр. Бұған қоса құтқарушыларды арнайы киім және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тәсілдері қайта қаралуда.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз. Өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылуда. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шараларын қабылдау мүмкіндігін береді.