Климат жөніндегі төтенше
жағдай – жаһандық дағдарыс. Оны ұжымдық
іс-әрекеттер ғана шешіп және жаһандық
жылынуды тоқтатуға көмектеседі. Бүгін
Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен Дүниежүзілік климаттық саммитте сөз сөйледі.
Бүгінде біздің еліміз климаттық диалогтың белсенді қатысушыларының қатарында. Республика Париж
келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел, сондай-ақ, 2060 жылға дейін
көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ
«жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Оның үстіне, Қазақстан сирек
кездесетін минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын. Ол шын мәнінде әлемді декарбонизациялау деңгейінде
баға жетпес ресурсқа айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Метан қалдықтарын азайту – жаһандық жылыну қарқынын
бәсеңдететін ең жылдам тәсіл. Сондықтан
Қазақстанның Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға
шешім қабылдағанын зор қуанышпен мәлімдеймін. Сонымен қатар біздің аймақтағы
елдердің көмірге қатысты түйткілді проблемалары бар. Осы мәселені шешу
мақсатында Қазақстан өңірде бірінші болып Әділетті энергетикалық жүйеге көшу
жөніндегі серіктестік бағдарламасын іске асыруға ұмтылыс жасап отыр.Аталған екі
бастама табысты орындалуы үшін достарымыз бен серіктестерімізді қолдау
көрсетуге шақырамыз.
Бірақ климаттық
проблемаларды шешу кешенді болуы тиіс. Тек арнайы бағдарламаларды қаржыландыруды
ұлғайту ғана оларды шешпейді. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Орталық Азия
үшін жаһандық температураның көтерілуі өте қолайсыз. Оның 1,5 градусқа дейін көтерілуі өзге
елдердің ауа температурасының тағы бір градусқа жоғарылау мәселесімен
беттестіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықты Арал теңізін
құтқару халықаралық қорын қолдауға көп қаражат бөлуге шақырды. Қазақстан келесі
жылы Қорға төрағалық етеді. Бұдан бөлек, Франциямен бірге біздің еліміз БҰҰ Бас
Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық
саммитінің тең төрағасы болады. Қасым-Жомарт
Тоқаев барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын
Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Ол климатқа қатысты өткір
мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты жалғастыру үшін диалог алаңы бола
алады, деп атап өтті мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы
бір жариялаған бастамасы – Орталық Азиядағы климатқа қатысты іс-қимылдарға тың
серпін беру мақсатында БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық
саммит өткізу туралы шешімі болды.