Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты

Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық. Бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ Саммитінде Қасымомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Мажарстан Президентімен бірге Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті. Президент бүгінде еліміздің орнықты болашаққа бесенді түрде инвестиция құйып отырғанын атап өтті. Бұл мақсаттарға мемлекет бюджетінің 80%-і бағытталған. Сонымен қатар тегін білім алу  мен денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Қазақстан елде Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді.  

Президенттің пікірінше, жаһандық сын-қатерлерді еңсеріп, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана жетістіктерге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі тиіс.  Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды.