Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтті. Жиынға Қазақстан Президенті қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев аспан асты еліне сапары аясында алдымен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды. Қазақстан Президенті Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Былтыр өзара тауар айналымы 44 млрд долларға жетті. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Бүгінде екі жақты бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде ҚХР Төрағасының айтуынша, Бейжің қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты серіктестігін тереңдетуге айрықша мән береді. Ол араға екі ай салып қайта жүздесуді қытай-қазақ қатынастарының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсететінін ерекше атап өтті. Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, елдеріміз бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Тараптар өзара жан-жақты қолдау көрсетуге және ынтымақтастық аясын кеңейтуге әзірліктерін жеткізді.
Қазақстанда Лу Бань зертханалары
ашылды
Қос мемлекет көшбасшыларының жоғары деңгейдегі келіссөздерінен кейін
Қазақстанда Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол тәжірибеге бағдарланған оқыту
мен маман даярлауды көздейді. Инженерлік-техникалық
білім беруді дамытуға арналған алаңдар елордадағы Еуразия ұлттық
университетінде және Алматыдағы Логистика және көлік академиясында ашылды.

