Қазақстандық оқушы Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы комикс құрастырды. Рамазан Сүгірбай атақты балуан атамызға қатысты көп деректерді өзі зерттеп, оны суретпен әрлеген. Ақтаулық жас өрен комиксті бар-жоғы 1,5 айдың ішінде дайындап шығарған.
Мақсатым шет елдік емес, өз батырларымыз бен балуандарымызды комикс арқылы насихаттау дейді жас суретші.
Рамазан Сүгірбай, оқушы:
– Бір жарым ай кетті ғой. Қиындығы адамдардың өздерін салу емес, арттағы фонды салу. Тауды, бұлтты шын өмірдегідей салу қиын. Бұрын күреске қатыстым. Сол үшін жаныма жақын болды. Есіме бірінші болып осы кісі түсті, сол себепті соны алдым.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы комикс 15 беттен тұрады. Әзірге баспадан тек 200 данасы басылып шықты. Автор оны мектепке даярлау орталықтары мен балабақшаларға таратқан.
Бақтыгүл Мырзабекова, мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
– Осы комикс арқылы балаларды тәрбиелеуге болады. Комикс десе, мысалы, балалар тек қана шетелдік комикстарды оқиды. Сондықтан біз кез келген бағытта ертегілер болсын, қоғамда ең үлкен мәселе болып жатқан қоршаған ортаны қорғау, міне осы саланы қазір көптеген мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар, сайыстар көп. Балаларды осындайға тарту керек.