«Астана Опера» театрының балет әртістері Словенияда өнер көрсетті

«Астана Опера» театрының балет әртістері Словенияда өнер көрсетті

«Астана Опера» театры Люблянада өткен 72-халықаралық жазғы фестивалінде словениялық көрермендерді өнерімен тәнті етті. Театр әртістері Арам Хачатурянның «Спартак» балетін көрсетті. Отандық ұжымды фестиваль ұйымдастырушылары арнайы шақырған және оған еліміздің Мәдениет министрлігі қолдау көрсетті. Осылайша, труппа 1 және 2 шілде күндері көрермен көзайымына айналды. Қойылымды Словения филармониялық оркестрі мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, маэстро Абзал Мұхитдиннің дирижерлығымен әйелдер хоры сүйемелдеді. Басты партияларды солистер – Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева және Мадина Өнербаева орындады. Қазақстандық әртістердің өнерін 3 мыңнан аса көрермен тамашалаған. 

Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының солисі:

– Осы балеттегі Спартактың рөлін 10 жылдай уақыт бойы билеп келе жатырмын. Қазіргі таңда физикалық тұрғыдан, актерлік шеберлік жағынан, Спартак рөлін түсіну жағынан менің ойымша, шыңға жеттім деп ойлаймын. Сондықтан, бүгінгі Любляна қаласының көрермендері керемет спектакль көреді деген сенімдеміз. Бұл деген біздің еліміз үшін үлкен жарнама. Біздің өнеріміз жоғары деңгейде екенін дәлелдеуге үлкен мүмкіндік.