Су
қауіпсіздігі, ресурстарды тиімді басқару, суды үнемдеудің инновациялық
технологиялары. Бұл мәселелер Сауд
Арабиясының астанасындағы One Water саммитінде негізгі тақырыпқа айналды.
Естеріңізге сала кетейік, форумды Қазақстан мен Франция ұйымдастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің
ашылу салтанатында сөз сөйледі. Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты
дамудың, экономикалық өрлеудің негізі болып саналатынын атап өтті. Алайда, бүгінде әлемде 6 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе
алмай, зардап шегуде. Жыл сайын жағдай шиеленісіп, проблема жаһандық сипатқа ие
болуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем
елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті
пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің
барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге
шынайы ризашылығымды білдіремін. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ
ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес.
Сондықтан да Қазақстан тіршілік көзінің құндылығын нақты біліп, Freshwater
Challenge жаһандық бастамасына және One Water Vision коалициясына қосылуға
бейіл. Соңғысы су ресурстарын біріктірілген басқаруды ілгерілетуге көмектеседі.
Сондай-ақ, Президент жаңа бастамаларды да жариялады. Мемлекет басшысының
пікірінше, Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар тұтас өңірлерді
өркендетеді. Ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуді дамыту - қоршаған ортаға
қысымды төмендетеді. Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан,
оларды сақтап қалу үшін ортақ ережелерді әзірлеу өте маңызды. Қасым-Жомарт
Тоқаев оларды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін
серіктестік құруды ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде су дағдарысын
өзгерістерді нақты бақылай отырып, тек бірлесіп шешуге болады. Осыған орай Қазақстан
БҰҰ қолдауымен 2026 жылы Өңірлік климат конференциясын өткізеді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

