Балалардың құқықтары жан-жақты қорғалатын болады. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың бастамасымен әзірленген тиісті заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта балалардың тұрғын үймен қамтылуы және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғау, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алуға қатысты бірқатар норма қарастырылған.
Бұған қоса білім беру және денсаулық сақтауға қатысты қосымша шаралар да қамтылған. Төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң жобасы Президенттің азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң жүзінде қорғау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, бүгінгі қоғамда буллинг пен кибербуллинг мәселесі қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғау үшін ғаламтор желісінде құқыққа қарсы контенттің алдын алуға арналған шаралар қолға алынады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Бір ғана заң жобасының аясында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларды түпкілікті шешу мүмкін емес. Бұл жерде, әрине, жүйелі шаралар, кешенді тәсілдер керек. Ол үшін барлық мүдделі мемлекеттік орган, педагогтер мен ата-аналар қауымының бірлескен жұмысы қажет. Ал депутаттық корпус өз тарапынан балалардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық жағынан қолдау көрсетуге дайын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов