«Талибан» қозғалысы ауған елінің Өзбекстанмен, Тәжікстанмен шекаралас аумағын басып алды. Бірақ көрші елдерге шабуыл жасамауға уәде берді. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрі мәлімдеді. Дегенмен Сергей Шойгу Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдер тәліптердің шабуылына, арандатушылық әрекеттерге дайын болуы керектігін ескертті.
Айта кетейік, соңғы күндері Ауғанстандағы жағдай қатты ушығып тұр. Осы қақтығыстың салдарынан елде миграциялық дағдарыс орнады. Қазір онда 18 млн-нан астам адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Азаматтар содырлардың бақылауына өткен қалалардан жаппай қашып жатыр. 4 млн-дай бала мектепке барудан қалса, 400 мыңдай тұрғын үйлерін тастап, бас сауғалап жүр. Зардап шеккен босқындарға ЮНИСЕФ ұйымы көмек ретінде ауызсу мен гигиеналық жабдықтар тарата бастады. Алайда қақтығыстардың қарқын алуына байланысты ол тоқтап қалуы мүмкін.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз-хатшысы:
- Жыл басынан бері 390 мың адам қоныстарын тастап кеткен. Жағдай әсіресе мамыр айынан бастап күрделене түсті. Әріптестеріміздің айтуынша, 1 шілде мен 5 тамыз аралығы Кабулға 5 800 адам келіпті. Оларға қажетті көмек көрсетілген. Көбі достары мен туған-туыстарының үйінде тұрып жатыр. Бірақ далада қонуға мәжбүр мигранттар да аз емес.