Мәжілісмендер: АЭС құрылысы қажеттіліктен туындап отыр

Мәжілісмендер: АЭС құрылысы қажеттіліктен туындап отыр

Қазақстанда АЭС салу қажеттіліктен туындап отыр. Оның құрылысы атом энергетикасы саласында елдің қауқарын еселейді. Бұл ең алдымен өзіміздің ішкі қуат көзі тапшылығын азайтудың қамы. Есесіне осы бағытта өзгелерден тәуелсіз елге айналамыз. Тариф тұрақталып, бағаның өсуі тежелмек. Артып-жетілген қуат экспортталады. Бұл тың істің экологияның жақсаруына да оң әсері тиеді дейді, Парламенттің төменгі палатасының депутаты Сергей Пономарёв. Сондықтан, Мәжілісмен атом электр станциясы - Қазақстан үшін маңызды және қажетті жоба екенін алға тартады.  Айтуынша оны салу егеменді ел болғалы көтеріліп жүрген мәселе. О бастан станса орналасатын жердің таңдауы Балқаш көлінің маңындағы аумаққа түскен. Сол кезден-ақ МАГАТЭ мамандары бұл ауданда АЭС салуға кедергі келтіретін факторлар жоқ екенін растады. Сонымен қатар, елімізде салалық ғылыми институттар, жоғары білікті мамандар баршылық.


Сергей Пономарев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Атом энергиясы ең алдымен жаңғыртылмалы энергия көзі, яғни оның қуатын біз бейбіт мақсатта пайдалана аламыз. Еліміздің ядролық физика институты станцияда жұмыс істейтін 400 маман даярлай алатынын мәлімдеді. Олар жаттығу қондырғыларында емес, кәдімгі реактор жұмысымен танысып, біле алады. Қазатомөнеркәсіпте қазірдің өзінде саланың тәжірибелі мамандары қызмет етеді. Еліміздегі ірі компанияның білікті қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда өңірлерінде уран өндіреді. Бұдан бөлек, елдің шығысында Үлбі зауыты бар. Бұл кәсіпорын атом станцияларына қажетті отын таблеткаларын экспорттайды. Бұған қоса Қазақстан жалпы уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы және бұл табиғи байлықтың қоры бойынша екінші орында екенін ескерген жөн.