Қ.Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

Бүгін Бішкекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы аясында атқарылған шаралар турал айтты. Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Биыл ұйым өзінің 15 жылдығын атап өтуде. Қасым-Жомарт Тоқаев аз ғана уақыт ішінде ұйым беделді құрылымға айналғанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан  Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады.

Түркі елдері арасындағы өзара тауарайналым көлемі биыл 45 млрд доллардан асты. Көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен. Қазақстан Президентінің пікірінше, іске қосылған Түркі инвестициялық қорының жұмысы да интеграцияны тереңдетуге ықпал етеді. Осы мақсатқа құрылып жатқан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердiң орталық банктерiнiң кеңесi де қосылады. Президент тараптар бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тиімді нәтижелер көлік-логистикалық байланыстарды нығайта түседі. Қазақстан Президенті адами капиталды дамытуға да назар аударды. Мемлекет басшысы түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екенін айтты. Саммит қорытындысы бойынша тараптар 8 құжатқа қол қойды. 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына Қырғызстан төрағалық етеді.

Әсел Күшенғалиева