Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Душанбеде Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары және Армения премьер-министрі Ауғанстандағы ахуалға, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауған еліндегі жағдайдың ушығуына алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет алған. Ол Ауғанстандағы ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажеттігін және Қазақстан үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі негізгі бағдар болатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру және ықпалдастықты қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынамын. Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді.