Қазақстан мен Моңғолия өзара тауарайналымын 500 млн долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Моңғолия өзара тауарайналымын 500 млн долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Моңғолия сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Бұл туралы екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының Ұлан-Батырда өткен кездесуінде айтылды. Тараптар Мемлекет басшыларының өзара тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайту жөніндегі уағдаластықтарын іске асыру жөніндегі шараларды талқылады. Аграрлық саладағы серіктестікті дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Осылайша, Қазақстан Моңғолияға ветеринарлық вакциналарды жеткізуді қолға алмақ. Ал, болашақта оларды осы елде өндіруді жолға қою жоспарланып отыр. Бұдан басқа, қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасы, бидай және басқа да дәнді дақылдардың экспортын ұлғайтуға дайын. Бірлескен ірі жобаға ерекше назар аударылды.


Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- «Қазақстан пилоттық жоба ретінде Моңғолиядан 500 мың бас ешкі сатып алуға қызығушылық танытуда. Бұл ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаның басы болып, өнімдерді экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік кооперация ретінде көреміз. Мұндай бастама өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болары да сөзсіз. Сонымен бірге, еліміздің «Электронды үкімет» платформаларын енгізу және ғарышты игеру саласында мамандарды даярлауға әзірлігімізді әріптесіме айттым».

Қазақстан мен Моңғолия тау-кен саласында ынтымақтастық аясын кеңейтуге басымдық бермек. Мұрат Нұртілеу еліміз бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделік танытқан барлық жергілікті компанияларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Моңғолияның сыртқы істер министрлігінің басшысы тараптардың өзара іс-қимылды күшейтуге бейілділігі екіжақты байланысты тереңдетуге тың серпін береріне сенім білдірді.


 

Батмунхийн Батцэцэг, Моңғолияның Сыртқы істер министрі:


- «Екіжақты әріптестікті кеңейту шеңберінде автокөлік тасымалдары саласындағы кедергілер мен қиындықтарды жою бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол жеткізілді. Жаңа көліктік-логистикалық маршруттар құру, авиарейстер санын, екі ел арасындағы азаматтар сапарын, импорт пен экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес орта құру жөнінде де ортақ уағдаластыққа келдік».


Қазақстан Моңғолияға қазақ тілінде 5 мың кітап тарту етті


Моңғолияға сапар барысында сыртқы істер министрі Қазақстан  Президентінің тапсырмасымен қазақ тілінде 5 мың кітап табыстады. Бұл отандық танымал ақын-жазушылар мен ғалымдардың шығармалары. Кітаптар қазақ диаспорасы тұып жатқан өңірлердің кітапханалар мен оқу орындарына жіберілді. Мұрат Нұртілеу моңғол басшылығына жергілікті қазақтардың тілі мен ұлттық бірегейлігін сақтауда қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, білім беру ынтымақтастығын нығайтуға дайын екенін жеткізді. Моңғолияның жоғары оқу орындарында мыңға жуық қазақстандық білім алуда. Болашақта осы ел аумағында Қазақстанның жетекші университеттерінің бірінің филиалын ашу жоспарланып отыр.


Сұлтан Тәукей, Моңғолияның халық жазушысы:

- «Бұл кітапты жаңа біздің Парламенттегі азаматтар қабылдады. Баян Өлгейде аймақтық кітапхана бар, соған барады. Аудандық кітапханаларға барады, қырықтан астам мектеп бар. Сол мектептердің бәрі қазақ тілінде оқиды, жазады. Қазақстаннан жыл сайын мұндай кітаптар келіп тұрады. «Отандастар» қоғамдық қоры былтыр да біраз кітап тапсырып кеткен. Біздің орта мектептер көбіне Қазақстан оқулығын пайдаланады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?