Қазақстан мен Қытай мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады

Қазақстан мен Қытай мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады

Қазақстан мен Қытай мәдени байланыстың жаңа тарауын бастады. Елдеріміз бұл сабақтастықты бекемдей түсетін бірлескен жобаларды іске қосуға ниетті. Осы ортақ мүддеге қатысты тың бастамалар елордада өткен «Тату көршілік – қарым-қатынастың жаңа кезеңі» атты тараптардың мәдени алмасу форумына арқау болды. 

Жиын ШЫҰ саммиті қарсаңында және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге сапары аясында өтті. Шараны ашқан Мәдениет және ақпарат министрі Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Онда Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи байланыс мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі деген. Қазір өзара дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр.  

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

– Шын мәнінде мәдениет пен өнер – елдер мен өркениеттерді жалғап тұрған  алтын көпір. ШЫҰ саммиті аясында екі елдің мәдени орталықтары жұмысын бастайды. Бұл қадам қос мемлекеттің өзара ықпалдастығын одан әрі дамытуға жол ашады. Осы ретте білім, ғылым және туризм саласында бірлескен жаңа жобалар қолға алынады. Форум Қазақстан мен Қытайдың тату көршілікке негізделген достық қарым-қатынасын нығайта түседі деген сенімдемін. 

Форум аясында ынтымақтастық туралы 2 бірдей меморандумға қол қойылды. Олар Қытай медиакорпорациясының Ғылыми-зерттеу институты мен Гумилев атындағы ЕҰУ және Қытай медиакорпорациясының Еуразиялық бюросы мен «Kazakh Tourism» ҰК арасында жасалды.