БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы мен басқа да агенттіктері уақытша Алматы қаласында орналастырылды. БҰҰ қызметкерлері Ауғанстандағы ахуал реттелгенше өз жұмысын қашықтан жүргізбек.
Ауған еліндегі ішкі саяси жағдай ушыққанда БҰҰ Қазақстаннан көмек сұрап, осында орналастыруды өтінді. Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы шеңберінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өтінішті қолдау туралы шешім қабылдады.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Олардың барлығында БҰҰ паспорттары бар. Бұл – мүлдем басқа елдердің азаматтары. БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет бар, яғни олар кез келген елдің азаматтары бола алады. Сонымен қатар арасында БҰҰ паспорттары жоқ, бірақ БҰҰ қызметкерлері болып саналатын азаматтар да бар. Олар – кеңесшілер, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін еріктілер. Олардың арасында АҚШ, Канада, Шри-Ланка, Африка елдерінің азаматтары бар. Әртүрлі құрлықтан адамдар жұмыс істейді.
Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Әріптестерімізді қабылдаған Қазақстан Үкіметінің қолдауына үлкен алғысымызды білдіреміз. Әріптестеріміз осы Алматыда отырып, Ауғанстанға көмек көрсету бағытында жұмысын жүргізе бермек. Бірақ мынаны нақты айтқым келеді: БҰҰ осы сындарлы кезеңде Ауғанстаннан кетпейді, біраз бөлігі сол жақта қалып, гуманитарлық көмекке мұқтаж миллиондаған ауған азаматына көмек көрсету ісін жалғастырады.
Сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялағаны хабарланды. Арасында 25 отандасымыз бар. Көрші Қырғызстанның өтініші бойынша дәл осы бортпен сол елдің 14 азаматы да әкетілді. Гуманитарлық операция барысында Қазақстан елшілігінен көмек сұраған тағы үш шетел азаматы Алматыға жеткізілген.
Ербол Шәкіров, ҚР Ауғанстандағы әскери атташенің көмекшісі:
- Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек АҚШ және Нато ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ғана қонуға рұқсат алып отыр. Оған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын қондырды.