Қазақстан Президенті су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы су – бүкіл тіршіліктің көзі, аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты. Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше
тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты
міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі
қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын
салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция
тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен
ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды міндет екеніне тоқталып, осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде. Оларға жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтелетін болды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Президент Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді.
Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін.
Мемлекет басшысы мұндай жағдайда бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін
біріктіру маңызды деп санайды. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік
экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осы тектес
қадамдар Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізетінін тілге
тиек етті. Президент сөзін қорытындылай
келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне алғыс
айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан
бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

