Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылды

Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылды

Қоғамның қызу пікірін тудыратын өткір мәселелер көшеде емес, парламентте талқылануы тиіс. Бұл мақсатта мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылды. Ол саяси ұйымдардың өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің басын қосатын институт. Яғни, халық қалаулыларының азаматтық қоғаммен кері байланысын жүйелі түрде орнатудың жаңа тетігі болмақ.  Оның құрамы келесі аптада белгілі болмақ. Қоғамдық палатаның мүшелері аса резонансты деген заңдардың жобасын талқылауға қатысатын болады. Құрамы қаралатын мәселе ерекшеліктеріне сай  жүйелі түрде өзгеріп тұрады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Қоғамдық палатаның басты мақсаты  неғұрлым өзекті, резонансты мәселелерді бірінші оқылымға дейін қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру, басты ерекшелік осы. Бұдан былай резонансты мәселелерді талқылаған кезде бейнебайланыс арқылы өңірлердегі қоғамдық кеңестерді де қосуымыз керек. Сол арқылы жергілікті азаматтардың пікірін ескере аламыз. Палатаның құрамы заңдардың ерекшеліктеріне, бағыттарына байланысты өзгеріп тұрады. Басым көпшілігі депутаттар емес, қоғам белсенділері болады. Мүмкін конструктивті оппозиция дейміз, оларды да қатыстырайық. Үкіметтік емес сектордың өкілдері де тартылады.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов