Мәжіліс жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған төрт
заң жобасымен жұмыс бастады. Олардың ішінде - Мемлекет басшысының құқықтық
мәртебесін айқындайтын әрі вице-президент лауазымын енгізетін «Қазақстан
Республикасының Президенті туралы» заң жобасы бар. Сондай-ақ, Мәжіліс мүшелері
Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесін айқындайды. Заң жобасы бір
палаталы Парламенттің қызметін құқықтық реттеуге бағытталған. Тағы бір жоба
елорда мәртебесіне қатысты - ол Астананы басқару ерекшеліктерін, мәслихат пен
әкімдіктің өкілеттіктерін, сондай-ақ қала құрылысы, көлік және көші-қон
мәселелерін реттейді. Сонымен қатар, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы
туралы Конституциялық заң жобасы да қаралады.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заңдарды екі палатаның - Мәжіліс пен Сенаттың
депутаттарынан құрылған комиссия қарайды және алғашқы оқылымды мамыр айында,
кейін екінші оқылымды өткізу жоспарланған. Заң жобалары біздің сайтта жарияланады
және әдеттегідей азаматтар өз ұсыныстарын жолдай алады.

