Қазақстан мен Қырғызстан инвестициялық ынтымақтастықты нығайтады. Ел Сенаты осыны көздейтін келісімді мақұлдады. Осыған дейінгі құжат шамамен 30 жыл бұрын рәсімделген. Енді жаңа келісімде халықаралық және ұлттық заңнамадағы өзгерістер ескеріліп отыр. Жаңа құжат өзара капитал алмасу қызметіне қатысты мәселелерді реттейді. Яғни, инвестициялар екі елде әділ және тең құқылы режимде толық қорғалады. Қауіпсіздік тетіктері нығаяды. Мұндай стратегиялық әріптестік Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны одан әрі дамытуға жол ашады дейді, сенаторлар. Айта кетейік, Қазақстан бауырлас мемлекетке 2005-ші жылдан бері 1,3 млрд доллар инвестиция құйған. Былтыр өзара тауарайналымы 1,7 млрд долларға жетті. Оның дені экспорттың үлесіне тиесілі. Көрші елге жеткізілген отандық өнім көлемі 10% жуық артқан.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленген. Құжат бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң бауырлас елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

