Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сараптамалық, әдіснамалық және техникалық қолдау алады. Сенаторлар елімізбен аталмыш халықаралық ұйым арасында ынтымақтастықты дамытуға қатысты құжатты мақұлдады. Келісім жаһандық институт ұсынатын материалдық-техникалық ресурстар, көрсетілетін қызметтер және құқықтық мәртебені айқындайды. Сондай-ақ, құжат елімізде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ендіруге, сала мамандарын даярлау мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашады. Айта кетейік, бұл келісімге ел Үкіметі мен ДДҰ биыл мамырда Женевада қол қойды.
Мәулен Әшімбаев,
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Дүниежүзілік
денсаулық сақтау ұйымы – жаһандық маңызы зор, беделді халықаралық институтардың
бірі. Бүгін мақұлданған заң Қазақстан Республикасымен осы ұйым арасындағы
ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сонымен қатар Еуропалық өңірлік
комитетінің сессиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына
да оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Бұл ретте айта
кетерлігі, Астанада өткен ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясы аясында
ел Денсаулық сақтау министрлігі мен ұйымның Еуропа бюросы арасында 2024-2025
жылдарға арналған екі жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жалпы Қазақстан 1992 жылдан бастап
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі және Атлант мұхитынан Тынық
мұхитына дейінгі 53 мемлекетті қамтитын Еуропалық аймаққа кіреді.