Катар 9 қазақстандық жобаны жүзеге асыруға 20 млрд доллар бағыттайды. Мәжіліс биыл ақпан айында Дохада қол қойылған тараптардың инвестициялар туралы үкіметаралық келісімін қабылдады. Уағдаласқан құжатқа сай жобалар еліміздің телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қамтымақ. Қазақстан өз кезегінде катарлық инвесторлар құйған капиталды қорғау және тұрақты салық жеңілдіктерін ұсынады. Осылайша, тараптардың келісімімен газ өңдеу зауыттарын салу бойынша үш жобаны іске асыру көзделген. Олар елдегі тауарлық газ өндірісінің көлемін 18% ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистральды газ құбырын және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жоспарланған.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Жобаны іске асыру
еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ,
газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайтуды, Қытай Халық Республикасы
бағыты бойынша газ экспортының көлемін сақтауды, Алматы жылу электр орталығын
газға ауыстыруды қамтамасыз етеді. Жалпы жобаны іске асыру оңтүстік, орталық және
солтүстік өңірлердің ұлғайып отырған қажеттіліктерін қанағаттандыруға және
экспорттық көлемді қолдауға мүмкіндік береді.