Бұл бизнесті қолдау шарасының арқасы. Аталған бағыттағы жұмыстар кәсіпкерлік белсенділік туралы Ұлттық баяндамада көрініс тапқан. Құжатта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі индикаторлары қамтылған. Кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеуші саясатты енгізу аясында «Атамекен» палатасы ел үкіметімен бірлесіп, жаңа реттеуші саясаттың негізгі шарттарына сай келмейтін 9 мыңнан астам талапты анықтады. Үкіметтің «Басынан бастап реттеу» реформасы бизнестің жүктемесін орта есеппен 30 пайызға азайтуға және оңтайлы әрі түсінікті реттеуші орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғау және бизнесті қылмыстық процеске заңсыз тартуды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылданды. Бас прокуратура 2023 жылға арналған бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың кешенді жоспарын бекітті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4 миллионға жетті. Олар 3 жарым миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өткен жылы 5 мыңнан астам жаңа кәсіпорын ашылды. Құны 119 миллиард теңгеден асатын 48 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.