2022 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында пилоттық режимде криптобиржалары жұмыс істей бастайды. Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығының мәліметінше, криптовалютаны сатып алу және сату осы сайттар арқылы жүзеге асырылады. Қазір жобаның соңғы кезеңдері пысықталуда. Сарапшылар криптобиржалардың қызметіне, сондай-ақ олардың қазақстандық банктермен және жеке тұлғалармен өзара әрекеттесуіне қатысты заңнамалық нормалармен жұмыс істеуде. Барлық операциялық және заңды тәуекелді де ескеру қажет.
Айта кетейік, егер «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында цифрлық активтермен әлемдік транзакциялар көлемінің кем дегенде 1% белгіленсе, онда Қазақстан жыл сайын 72 млрд доллар табыс табады.
Ал биткоин өндіруден еліміз 11,5 млрд долларға жуық табыс таба алады. 2022 жылы майнерлер үшін жоғарылатылған электр энергиясы салығы күшіне енеді.
Айта кететін жайт, республика биткоин өндіруден әлемде екінші орында тұр. Небәрі 2 жылдың ішінде фермалар саны 50-ге жетті. Дегенмен қазір майнерлер электр қуатының тапшылығын сезініп отыр. Нарықтың негізгі ойыншылары фермаларды жауып, басқа елдерге көшіруде.
Сапар Ахметов, Қазақстан блокчейн-технологиялары қауымдастығы басқарма төрағасы:
- Энергиямен қамтамасыз етуде белгілі бір мәселенің бар екенін көріп отырмыз, бірақ біздің қауымдастықтың мүшелері ҚР Энергетика министрлігі, Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, осы энергетикалық дағдарысты жою үшін жұмыс істеуде. Біз инвесторларды тартамыз, энергетика саласындағы заңнаманы инвесторларға қолжетімді болу үшін өзгерткіміз келеді.
Евгений Галиахметов, РФ Венчурлы инвесторы:
- Қазақстанда болып жатқанның барлығы – жаңа бизнестің, нарықтың қалыптасу процесі. Қазір бірдеңе дұрыс емес деп айту мүмкін емес, барлығы өз уақытында белгілі болады. Қытайда майнингке тыйым салынған. Сол себепті майнерлердің барлығы елімізге келіп, осы жерде жұмыс істей бастады.