Қазақстанда инвесторлардың қаражатын әлеуметтік мәселелерге бағыттауға
мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілуі мүмкін. Мәжіліс осыны көздейтін эндаумент қор туралы заң жобасын бірінші оқылымда
мақұлдады. Құжатта мұндай қор құруға болатын секторлар нақтыланған. Бұл - білім
беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт және мәдениет саласы. Осы жаңашылдық
елдегі ғылым мен инновацияларды қолдаудың негізіне айналады. Тағы бір мақсат - қоғамда
қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру. Қазір елімізде 20-дан астам эндаумент қоры бар. Бұл құжат олардың
қызметін заң жүзінде реттейді. Яғни, құрылтайшылар мен салымшылар аудит жүргізе
алатын платформа қалыптасады. Мұндай қордың донорларын ынталандыру үшін арнайы
салық жеңілдіктерін беру ұсынылып отыр. Салынған жарналарды салықтан босату
көзделген. Айта кетейік, құжатты әзірлеу барысында АҚШ, Ресей, Австралия,
Франция, Сингапур елдерінің озық тәжірибесі ескерілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

