Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Қазақстан Президенті Парламенттік реформаға жіті тоқталып, болашақ бірпалаталы Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Мемлекет басшысы онда нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, депутаттардың жалпы саны 145 болуы керек деген байламға келгенін жеткізді. Олар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерді барынша заңнамалық қолдауды қамтамасыз етуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз.
Ел Президенті, сондай-ақ қазақ мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту қамында Қазақстан Халық Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтай қызметін қатар атқаратын Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа институтын құруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік органда барлық этностар, халықтың топтары және еліміздің өңірлері түгел қамтылатынын жеткізді. Халық Кеңесі еліміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болмақ. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден бастап ірі қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің қатарынан бірдей 126 адамды қосу көзделіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық Кеңесі заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болуы тиіс, бұл, әрине, оның мәртебесін айтарлықтай күшейтеді. Халық Кеңесінің жоғары органы жылына бір рет шақырылатын сессия болады. Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі базалық функциясы берілетін болады. Сонымен қатар, жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге, мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияны және мемлекетіміздің басқа да маңызды құжаттарын ілгерілетумен және насихаттаумен айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент институтын құруды ұсынды.
Оны Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып
тағайындайды. Оның құзырет аясын Президент өзі белгілейді. Вице-президент
халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін
келіссөздерде Қазақстан атынан өкілдік етеді, Парламентте Президенттің атынан
өкілдік етеді. Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және
мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады. Жаңа лауазым
Конституцияда бекітілуі мүмкін. Ал мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылуы ықтимал.
Жалпы, Мемлекет басшысы алдағы конституциялық өзгерістер ауқымы жағынан жаңа Ата
заңды қабылдаумен салыстыруға болады деп атап өтті. Мәселен, бастапқыда Негізгі
заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында
түзетулердің әлдеқайда көп екені белгілі
болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев 100 астам сарапшыны қамтитын
Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдады. Оның жұмысының нәтижелері
бойынша жалпыхалықтық референдум өтетін уақыты белгіленеді.

