Мәжіліс екінші сессиядағы жұмысын аяқтады

Мәжіліс екінші сессиядағы жұмысын аяқтады

Мәжіліс екінші сессиядағы жұмысын аяқтады. Төменгі палата депутаттары бұл жолы 100 заң қабылдады. Мақұлданған әрбір үшінші құжатқа депутаттар бастамашылық еткенін айта кету керек. Олардың ішінде – сот жүйесі туралы конституциялық заң, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, Ұлттық қор – балаларға және жер қойнауын пайдалану, масс-медиа туралы құжаттар бар. Өткен сессия барысында барлығы үш жүзден астам мәселе қаралды. Мәжілісмендер 500 астам депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары екі жарым мыңға тарта азаматты қабылдады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Парламенттік сессия аяқталып келеді. Бірақ, бұл тек заң қабылдау жұмысында ғана екі ай үзіліс болатынын білдіреді. Ал депутаттардың қызметі жалғаса береді. Өңірлерге барып, жұртшылықпен жүздесетін боламыз. Президент депутаттардың өңірлерге барып жұмыс істеуі маңызды екенін ерекше атап өтті. Сайлаушылардың мұң-мұқтажын өз аузынан тыңдап-білу – бізге берілген зор мүмкіндік. Болашақта мұның бәрі жаңа заңнамалық бастамалар мен депутаттық сауалдарға негіз болады.