Аймақтарда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу шаралары басталып кетті. Ақтауда «Mangystau Nauryz Fest-2022» фестивалі аясында ұлттық спортымыз ұлықталды. Мұнда жергілікті жеткіншектер мен жастар садақ атудан сайысқа түсті. Ашық турнирге Жаңаөзен мен тағы бес ауданнан 60-қа жуық мерген келген. Ұл-қыздар үш кезең бойынша сынға түсіп, әртүрлі қашықтықта 5 жебеден нысанаға атты. Шараның басты мақсаты – жастардың ұлттық спорт түріне қызығушылығын арттыру.
Айта кетейік, өңірде дәстүрлі садақ ату федерациясы 2020 жылы ашылған. Қазір спорттың осы түрімен мыңға тарта адам айналысады.
Мөлдір Сәуірбай, жарысқа қатысушы:
- Осыған дейін 5 жарысқа қатыстым. Екеуі – республикалық жарыс. Бұл спорт өзіме ерекше ұнайды. Садақ атудың өзі бір сүннет болып табылады. Біз – сол сүннетімізді жаңғыртып жүрген жастармыз.