Жақсыны көрмекке. Жыл сайын Қазақстанның бас шаһары көркейіп, кейпі түрлене түсуде. Елорда күн сайын қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін аса жайлы мекенге айналып келеді. Сымдай тізілген кең көшелерінде зәулім ғимараттар мен түрлі қоғамдық нысандар бой түзеуде. Сәулеті жарасқан әсем қаланың ажарлана түсуіне «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» шеберлік жоспары да өз септігін тигізіп жатыр. Олардың бірі - Есіл бойындағы Триатлон саябағында құрылған бассейні бар жасанды жағажай. Алайда пандемияның кесірінен әлі ашылмай тұр.
Елнар Базыкен, Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығының басшысы:
- Біз суда пирсқа ұқсайтын айлақтық құрылыс алаңын құрдық. Оның ішіндегі екі бассейннің бірі ересектерге, екіншісі балаларға арнайы жасалған. Су қосымша тазартылып тұрады. Ол үшін сүзгі құрылғысын орнатамыз. Бұл бассейннің өзінің жеке түбі болады. Сүзгінің қызметін атқаратын торлары бар. Су бассейн арқылы өткенімен тазартылып тұрады.
Елордада жаңадан құрылған нысандардың бірі - кең ойын алаңы. Онда жылан тәрізді арқандар тартылған парк бар. Ол 1 айдың ішінде қолданысқа берілетін болады. Сонымен қатар оның ішінде ағашты айнала орналасқан 2 қабатты байқау алаңы салынады. Оған шыққан адам осы аудан мен Есілдің керемет көрінісін тамашалай алады. Бұған қоса баскетбол, футбол, воркаут алаңдары мен йогамен айналысатын аймақтар орналасқан.
Елнар Базыкен, Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығының басшысы:
- Біздің басты мақсатымыз - қаланы адамдар үшін барынша жайлы ету. Ол үшін бәріне қолайлы болатын ашық аспан астындағы алаңдар құрылады. Көбі демалыс күндері саябақта серуен құрғанды ұнатады. Олардың дұрыс жабдықталуына ден қойған жөн. Бұл алдымен адамдардың көңілі үшін қажет.
Шеберлік жоспарының аясында Республика даңғылы жаяу жүргіншілерге кедергісіз көшеге айналады. Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру үшін жақында жаңа субұрқақтар пайда болып, жасыл көшеттер егіледі. Жалпы елордада ашық аспан астында демалуға арналған орындардың қатары еселенеді. Олардың санымен қатар сапасына үлкен көңіл бөлінеді. Бастысы - халыққа қолжетімділігі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов