Ұлттық нақыштардың нышаны мен мән-мағынасы. Бұл жайлы суретші Ералы Оспановтың «Қазақ ою-өрнегінің этнографиялық атласы» жинағында мағлұмат берілген. Оған ою-өрнектің 600-ге тарта нұсқасы мен 1000-нан аса атауы кірді. Қылқалам шебері оларды 10 жылдан астам уақыт жинап, мағынасын ашқан. Тіпті ою іздеп Қытай, Моңғолия, Ресей асқан. Қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ноғай ағайындарының ою-өрнектерін де електен өткізген. Өз кітабында Ералы Оспанов өрнектерді тотемдік мағынасына қарай топтастырды.
Ералы Оспанов, суретші:
- Алашаларда «ергенек» деген өрнек бар. Ергенек – үйдің кіре берісіндегі саты сияқты ағаш. Ол жануарларды, иттерді үйдің ішіне кіргізбеу үшін жасалады. Оюдың өзіне қарасаңыз, ергенекке мүлдем ұқсамайды. Алашадағы ою ауылды бейнелейді. Жалпы бізде оюға терең бойлаған адам болмаған екен. Барлығы қолөнердің бір саласы ретінде қысқа қайырады. Ескі атаулар жаңаларымен ауыстырылды. Мысалы дөңгелек, төртбұрыш, үшбұрыш бұрын «шаршы ою», «табақ ою», «үшкіл ою» деп аталған.
Сарапшы Ерлан Қожабаев та суретшінің пікірімен толықтай келіседі. Оның айтуынша, ұлттық ою-өрнектің ашылмаған сыры көп. Олардың гендерлік айырмашылықтары да болған. Мәселен, қыздарға гүл немесе қарлығашты, ұлдардың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқармүйіз секілді өрнектерді салған. Тыйым салынған белгілер де болған, оларды ешқашан киімдерде бейнелемеген. «Сондықтан осы сала өкілдері, киім дизайнерлері ою-өрнектің мағынасынан хабардар ететін курстан өтуі тиіс», – деп санайды сарапшы.
Ерлан Қожабаев, суретші-сарапшы:
- Қазақта әйелге, еркекке арналған белден түспейтін, иықтан көтерілмейтін оюлар бар. Алайда көпшілік оны түсінбей, шатастырады. Әйелге арнайы «балалы болсын» деп ырымдайтын оюларды ерекектерге тағып қояды немесе бейіттің басына қойылатын оюларды тірі адамға салып жатады.
Ою-өрнек атласына мақал-мәтел мен жұмбақтар да енді. Сондай-ақ Ералы Оспановтың тағы бір еңбегі толығымен этнографияға арналған. Онда қазақ халқының тіршілігін, болмысын, рухани мәдениетін, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдар жайында жазылған.