Қазақстанда жақын арада автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасы бойынша кәдеге жарату алымының жаңа мөлшерлемелері белгілі болмақ. Бұл мөлшерлемелер құнын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халық талқылауына шығарып, қоғаммен келісілгеннен кейін ғана бекітеді. Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, алым мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша арнайы жұмыс топтары құрылған. Ал екінші деңгейдегі банктердің барлық активі мен ақшалай қаражаты «Жасыл даму» басқармасына берілді. Министр бұл жүйеге қатысты тергеу іс-шаралары жүргізілгенін атап өтті. Қазіргі таңда ол қайта іске қосылып, кәдеге жарату алымы қабылданып жатыр.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Министрлікте заңгерлік блок, цифрлық технология департаменті, бюджеттік жоспарлау өкілдерінен тұратын комиссия құрылды. Олар «ӨКМ Операторы» қызметіне сәйкес қаражаттың кірістері мен шығыстарын қарауда. Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктердің шоттарында 220 млрд теңге бар, оның бір бөлігі ұлттық валютада болса, қалғаны доллармен тұр. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін бекітеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов