Қаланың көнеде «Кеңгір-Тұра» деп аталғаны туралы дерек табылды. Бұл жаңалықты Гарвард университетінің ғылыми қызметкері, отандасымыз Нұрлан Кенжеахмет жеткізді. Ол америкалық университеттің кітапханасынан қала жайлы құнды мәліметтер тапқан. Кеңгір-Тұра туралы жазбалар диссертация беттерінен шыққан.
Нұрлан Кенжеахмет, Гарвард университеті Fairbank Қытай зерттеу орталығының зерттеуші ғалымы /АҚШ/:
- Гарвард кітапханасынан электрондық нұсқасын түсіріп, оқыдым. Сонда байқағаным, ол да диссертациясына Кеңгір-Тұраны енгізген екен. Негізінен мәй-мәнжүр деректері арқылы енгізілген. Өте жоғары деңгейде жазған. Өте терең, одан кейін сирек кездесетін материал арқылы жазған.
Мәнжүрлер патшасынан қалған 1760 жылғы картада да Кеңгір-Тұра атауы тайға таңба басқандай тұр. «Өскеменнің үстінен Кеңгір өзені өткендігі туралы да материалдар бар», – дейді ғалым. Жергілікті ғалымдар да Өскеменнің өзі талай тарихи сырды басып жатқанын растайды.
Галина Петенова, археолог:
- Өскеменнің өзі бүтіндей тарихи жәдігерлер үстінде тұруы мүмкін. Мәселен, Ахмер, Меновное кентінен ортағасырлық дәуірдің ескі қорымдары табылды. Көптеген петроглифте кезедеседі. Мысалы, Ақбауыр қаланың дәл жанында тұр. Ол жерден сақ мәдениетінің белгілері көп табылып жатыр. Яғни мұнда қоныс болған, ел болған.