МАГАТЭ басшысы Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздіктегі негізгі рөлін атады. Бұл туралы ол МАГАТЭ Бас конференциясының 68-ші сессиясы аясында бейбіт атомды дамытуға арналған еліміздің ұлттық павильонының ашылуында айтты. Рафаэль Гросси Қазақстанның бай ресурстары мен оның бастамалары саланың дамуына баға жетпес үлес қосатынын атап өтті. Ол сондай-ақ МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін өз аумағында орналастырудағы еліміздің рөлін атай отырып, көпжылдық ынтымақтастықты еске салды. Алдағы референдумның маңыздылығына арнайы тоқталып, агенттік осы маңызды кезеңде Қазақстанды қолдауға дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 6 қазанда өтетін референдум демократия қағидаттарына сай келетінін атап өтті.
Рафаэль Гросси, МАГАТЭ бас директоры:
– Елдеріңіздің Мемлекет басшысымен кездескенімізде, Қазақстан халқы болашаққа қатысты шешім қабылдайтынын айтқан еді, мен бұл шешім таза ядролық энергетиканы қамтиды деп үміттенемін. Өздеріңіз білетіндей, біздің Агенттіктің ұстанымы осыған тіреледі. Кез келген бағдарлама қауіпсіздік пен халықаралық сенімділікті қажет етеді, ол сіздің іс-қимылыңыз бен жұмысыңыздан, сондай-ақ процесс барысында МАГАТЭ-нің қатысуынан туындайды.