Қазақстан мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесін орнатып жатыр

Қазақстан мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесін орнатып жатыр

Қазақстанның Қаржы министрлігі мемлекеттік қаражаттың цифрлық экожүйесіне арнап жаңа архитектура жасады. Оның аясында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің цифрлық профилі жасалып жатыр. Бюджеттік жоспарлаудағы ақпараттық жүйедегі әр жобаға өзінің тиісті ID-номері табысталады. Ол өз кезегінде жобаның жүзеге асырылуын басынан аяғына дейін бақылап, бюджеттік қаражаттың орнымен жұмсалуын қадағалайды.


Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:


 – Бізде «Баға анализінің маркеті» жобасы жүзеге асырылайын деп жатыр. Себебі, бүгінде жоспарлау мен сатып алу кезінде белгілі бір қатерлер бар. Оның ішінде атап өтерлігі, кейбір коммерциялық ұсыныстар көрсетілетін қызмет пен бағасы және оның сапасы жағынан қымбат әрі тиімсіз болуы мүмкін. Ал, ғаламторда өздерінің тауарларын түрлі жолмен салып, бағасын да көрсететін интернет-дүкендер немесе дистрибьютерлер көп. Осыны негізге ала отыра, жоба басталып, артынша аяқталғанға дейін біз белгілі бір тауар түрі бойынша нұсқау және кеңес береміз. Ол үшін терең сараптама жасалады. Сонымен қатар, болашақта мемлекеттік жоспарлаудың негізі болатын ID-жобаларды жүзеге асыру үшін бірыңғай ақпараттар базасын жасадық.


Одан бөлек, мамыр айынан бері мемлекеттік қызмет үшін egov.kz және е-лицензиялау порталдарында төлем жасау жеңілдетілді. Ол қолданушыларға тек қажетті жерлерді ғана толтырып, төлем жасау процесін әлдеқайда тиімді етеді. Айта кетейік, қаржы министрлігі көрсететін 48 мемлекеттік қызмет түрінің 44-і электронды  түрде көрсетіледі. Биылдың алғашқы жарты жылында 11 жарым млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мәселен, eGov mobile қосымшасында салық және кеден, сонымен қатар, аудиторлық қызмет бағыттары бойынша 22 қызмет түрін алуға болады.