Тарихи ғимараттар, есте қаларлық оқиғалар, қала пейзажы, атақты тұлғалар - мұрағаттық фотосуреттерде бейнеленді. Астана күніне арналған «Менің Астанам: Өткеннен болашаққа» атты көрмеде белгілі фотожурналист және өлкетанушы Нұрмұхамат Имамовтың бірегей еңбектері ұсынылды. Экспозиция мегаполис тарихының айтулы сәттерін қамтиды. 300-ге жуық цифрландырылған суретте қаланың келбеті Целиноградтан бастап қазіргі Астанаға дейін бірнеше онжылдықта қалай өзгергенін көруге болады.
Бақытжан Темірболат, ҚР Президент орталығының директоры:
- Фотокөрме елордамыздың даму тарихын көруге мүмкіндік береді. Нұрмұхамат Имамовтың туындылары жай ғана сурет емес, ол оның терең білімі мен туған өлкесіне деген шынайы сүйіспеншілігі арқылы бейнеленген Астанамыздың тірі тарихы. Бұл көрме Астананы сүйетін әрбір адамға жасалған теңдессіз сыйлық. Көрмеде көздің жауын алатын кадрларды тамашалап қана қоймай, бәріміз бірге қандай даму жолынан өткеніміздің куәсі боласыз.
Жазушы Сәбит Мұқанов, әнші Роза Бағланова, ғарышкер Виктор Горбатко, әнші Иосиф Кобзон және басқа да танымал қайраткерлердің сирек кездесетін суреттері көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, фотосуреттер сол кездегі мәдениет, сәулет және өмір туралы естеліктерді есте сақтауға мүмкіндік береді.
Айгерім Сартаева, ҚР Президент орталығының жетекші маманы:
- Бұл шамамен Сарайшық - Қабанбай көшелерінің аумағында орналасқан әуежай ғимараты. Ал, бұл қазір Сәкен Сейфуллин мұражайы орналасқан үй. Ал, мына нысандар, бұл Есіл қонақ үйі. Қазір бұл ғимарат Ramada деп аталады. Ол біздің қала әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан. Яғни, біздің қалада бұрыннан тұратын тұрғындар бұл маңызды нысандарды бірден таниды.
Көрмені өткізуге фотошебердің ұлы Ринат Имамов бастамашы болды. Енді ол әкесінің 100 жылдық мерейтойына жеке тақырыптық экспозиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Фотокөрме 10 тамызға дейін барлық келушілер үшін ашық болады.

