Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен халықаралық форумға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен халықаралық форумға қатысты

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапары аясында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен халықаралық форумға қатысты. Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған Мақтымқұлы  күллі шығыс жұртына ортақ ұлы ойшыл. ЮНЕСКО ақын мұраларын «Әлем жады» атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал ушығып, түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті бола түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түрікменстан бүгінде ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосуда. Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды. Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет болып отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталды. Бұл бастамалар ұлы ойшылдың мұрасын жан-жақты насихаттауға және мәдени дипломатияны дамытуға жол ашты. Сондай-ақ Президент Абай мен Мақтымқұлы туындыларында өзара үндестік пен үйлесім барына назар аударды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Олардың рухани мұрасы екі елдің сан қырлы мәдениетін байытып, барша адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Достығымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Осы мызғымас құндылықтардың негізінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық белсенді дамуда. Мұның бәрі қазақ-түрікмен қатынастарын одан әрі нығайта түсері сөзсіз.