Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспетті. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент былтырдан бері Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы жұмыс істей бастағанын жеткізді. Ал Қытайға жасаған осы сапары аясында елімізде Лу Бань зертханасының орталықтары ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлы дала мен Ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени
байланыс ешқашан үзілген емес. Оны жалғастыра беру – аса маңызды міндет. Ұлттық
мәдениет орталығы бұл істе айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Мұнда халқымыздың
бай мұрасы мен салт-дәстүрі насихатталады. Сондай-ақ, осы жерде екі елдің
жастары озық білім игеру, жасампаз идеяларымен алмасу үшін кездесіп тұрады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен
бірге Мәдениет орталығын аралап көрді. Мұнда кітапхана, қазақ тілі, музыка және
шығармашылық кабинеттері бар. Көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен
бастап XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен
артефактілер қойылған. Бұл орталықта мәртебелі қонақтарды қытайлық оқушылар
қазақ тілін меңгеру деңгейімен таңырқатты. Сондай-ақ, олар домбырада танымал қазақ және
қытай шығармаларынан попурри ойнады.

