Қарағандылық театр Астана төрінде өнер көрсетті

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры елордада көрермендерін ерекше ықыласқа бөледі. Өнер ұжымы Астана операның үлкен сахнасында 6 бірдей қойылым ұсынды. 3 күндік гастрольдік сапар шымылдығын  «Сильва» опереттасы ашты. Спектакль мюзикл әлеміндегі махаббат хикаясын баяндады.

Сонымен қатар, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде «Венециядағы түн» және «Хануманың қулығы» атты музыкалық комедиялар да жергілікті өнерсүйер қауымның көңілін баурай алды. 

 Балалар бағдарламасы да қызықты қойылымдарға қанық болды. «Күлбике», «Дымбілмес» және «Бұршақ үстіндегі ханшайым» көңілді сарын мен әсем сазды ертегілер кішкентай көрермендерге ұмытылмас жарқын әсер қалдырды. Айта кетейік, бұл – еліміздегі опера мен мюзикль жанрларын қатар алып жүрген жалғыз театр. Жарты ғасыр жасаған қара шаңырақ қорында әлі талай керемет туынды бар. Олар келесі сапарлардың еншісінде дейді, театр жетекшісі.

Амантай Ыбраев, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жетекшісі:

– Жыл сайын тамыз айында мұндай гастрольге шығу жақсы дәстүрге айналды.  Әдеттегідей, қорымызда бар түрлі жанрдағы үздік туындылар мен қызықты бағдарлама және ең мықты деген сахна саңлақтарын жаңа солистер, музыканттар мен балет труппасын әкелуге тырысамыз. Мақсатымыз, әрине, елорданың бай мәдени тынысын кеңейте түсу. Театр өнерінің әлемдік деңгейде классика жауһарларын тамашалап жүрген талғампаз елордалық көрерменнің  өнерімізді жоғары бағалағаны біз үшін үлкен мәртебе, шығармашылық сынақ екені даусыз.